★БӨЛІМШЕ
Әскери кафедра
Университет бөлімшесі: ақпарат, құжаттар және жаңалықтар.
Бөлімше туралы
Әскери кафедра
Әскери кафедра

Мекен-жай: Шымкент қаласы
Рысқұлбеков көшесі 3б.
Тел: 35-44-13
Факс: 35-40-63
Әскери кафедра
Жаңалықтар

«ЕЛ ҚОРҒАНЫ – ЕРЛЕР, ЖЕҢІС ЖОЛЫ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ»: ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҚОС МЕРЕКЕГЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ
«ЕЛ ҚОРҒАНЫ – ЕРЛЕР, ЖЕҢІС ЖОЛЫ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ»: ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҚОС МЕРЕКЕГЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ІС-ШАРА ӨТТІ Ерлік пен елдік ұлықт
VKӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ 289 ТҮЛЕККЕ ЗАПАСТАҒЫ «ЛЕЙТЕНАНТ» ӘСКЕРИ АТАҒЫ ТАБЫСТАЛДЫ
ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ 289 ТҮЛЕККЕ ЗАПАСТАҒЫ «ЛЕЙТЕНАНТ» ӘСКЕРИ АТАҒЫ ТАБЫСТАЛДЫ М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінд

ӘСКЕРИ КАФЕДРАДА САЛТАНАТТЫ АНТ ҚАБЫЛДАУ РӘСІМІ ӨТТІ
ӘСКЕРИ КАФЕДРАДА САЛТАНАТТЫ АНТ ҚАБЫЛДАУ РӘСІМІ ӨТТІ 2026 жылғы 5 мамыр күні М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті әскери кафедр
VKӘСКЕРИ КАФЕДРАДА “ АШЫҚ ЕСІК” КҮНІ ӨТТІ
ӘСКЕРИ КАФЕДРАДА “ АШЫҚ ЕСІК” КҮНІ ӨТТІ 2026 жылдың 16 сәуірінде Ұлы жеңістің 81 жылдығы қарсаңында “Ерлікке тағзым” акциясы аясында және “О
VKБіздің студент - чемпиондар арасында!
Алпағұт ұлттық спорт түрінен өткен жарыста I орын иеленген Абдурасилов Әбілхайыр әскери кафедрада оқу үлгерімімен ерекшеленіп, үздік көрсетк
VKҰлы тарих - ұрпаққа аманат
Материалдар
Әскери кафедраға оқуға қабылдау тәртібі
Конкурсқа қатысуға конкурс өтетін жылы 24 жастан үлкен емес жастағы студенттер жіберіледі.
Әскери кафедрада оқу үшін студенттерді іріктеу процесі төрт кезеңде жүзеге асырылады:
★ бірінші кезең – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № 716 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына және әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережеге сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21869 болып тіркелген) медициналық куәландырудан өту;
★ екінші кезең – кәсіби-психологиялық тестілеу жүргізу;
★ үшінші кезең – дене шынықтыру дайындығын тексеру;
★ төртінші кезең – ЖЖОКБҰ басшысы жасайтын және бекітетін рейтингілік балл есебіне сәйкес жүзеге асырылатын конкурстық іріктеу, бұл ретте техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымын бітірген студенттер үшін үлгерімнің орташа балы дипломға қосымша негізінде айқындалады.
Конкурстың әрбір кезеңінен бір рет өтуге жол беріледі.
Әскери кафедрада оқу үшін конкурсқа қатысуға ниет білдірген студент оқуға түсу (қабылдау) жылының 1 ақпанынан бастап осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес үлгі бойынша ұялы байланыс операторы ұсынған көрсетілетін қызметті алушының абоненттік нөмірі тіркелгенде және порталдың есептік жазбасына қосылғанда электрондық цифрлық қолтаңба қойылған не бір реттік парольмен куәландырылған www.egov.kz "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы өтініш береді.
Әскери даярлық мерзімі:
1) запастағы офицерлерді әскери даярлау бағдарламасы бойынша – кемінде 2 жыл 5 ай;
2) запастағы сержанттарды әскери даярлау бағдарламасы бойынша – кемінде 1 жыл 5 ай;
"Запастағы лейтенант", әскери атағын беру мәселелері бойынша әскери кафедра (әскери факультет) бастығы ҚР ҚМ кадр жұмысы мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшесімен өзара іс-қимыл жасайды, ол тиісті бұйрықтарды Қазақстан Республикасының Қорғаныс министріне бекітуге енгізеді.
"Запастағы сержант", әскери атағын беру мәселелері бойынша әскери кафедра (әскери факультет) бастығы жергілікті әскери басқару органымен және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшесімен өзара іс-қимыл жасайды.
Әскери кафедра
Басшылық туралы мәлімет
| Әскери кафедра бастығы полковник Кенжебаев Жакып |
![]() | Әскери кафедра запастағы полковник Еримбетов Темирбек |
![]() | Әскери кафедра запастағы подполковник Урустамбеков Абдихан |
Тарихи мәлімет
«М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті» КеАҚ әскери кафедрасы өзіндік ерекше орны бар және студент жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру орталығы болып табылады.
Қазақ технологиялық институты жанындағы запастағы офицерлерді даярлау жөніндегі әскери кафедра КСРО Министрлер Кеңесінің 1954 жылғы 29 шілдедегі №1542-692 Қаулысымен бекітілген «Жоғары оқу орындарының студенттері мен жоғары және орта арнаулы оқу орындарының курсанттарын әскери және Әскери-теңіз даярлығы туралы» Ереженің 8-тармағына сәйкес құрылды және 1963 жылдан бастап жұмыс істей бастады.
Әскери кафедраның алғашқы бастығы болып подполковник Кривожиха В.С. тағайындалды.
Кейінгі жылдары әскери кафедраны:
полковник Баранник А.С. (1973-1981жж.),
полковник Кочуков А.М. (1981-1987жж.),
полковник Лутфуллоев С.К. (1987-1989жж.),
полковник Маклаков Е.И. (1989-2002жж.),
полковник Хакимжанов С.Х. (2002-2012жж.) басқарды.
2012 жылдан бастап «М.Әуезов атындағы ОҚУ» КЕАҚ әскери кафедрасын, қызметін әскери кафедрада оқытушы болып бастаған полковник Кенжебаев Жақып Амангелдіұлы басқаруда. Ұзақ жылдар бойы әскери кафедраның дамуына қосқан үлесі және Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласындағы мінсіз қызметі үшін полковник Кенжебаев Ж.А. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Әскери кафедраның басты мақсаты - Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері үшін запастағы офицерлер мен сержанттарды, яғни елдің әскери-жұмылдыру және оқытылған резервін даярлау.
1966-1974 жылдары әскери кафедрада «Зениттік-артиллериялық қондырғы взводының командирі» әскери-есептік мамандығы бойынша запастағы офицерлерді даярлады, 1973 жылдан «Радиациялық, химиялық барлау және ядролық жарылысты белгілеу взводының командирі» әскери-есептік мамандығы бойынша запастағы офицерлерді даярлау басталды.
1981 жылдан бастап запастағы офицерлерді төрт әскери-есептік мамандық бойынша даярлау басталды:
- «Химиялық қорғау бөлімшелерді, бөлімдер мен құрамаларды қолдану»,
- «Түтін және от шашатын бөлімшелерді, бөлімдер мен құрамаларды жауынгерлік қолдану»,
- «Радиациялық және химиялық барлау бөлімшелері мен бөлімдерін жауынгерлік қолдану және ядролық жарылысты белгілеу»,
- «Химиялық әскерлер қару-жарағы мен қорғаныс құралдарының пайдалану және жөндеу».
Әскери білім - Қарулы Күштер құрылғаннан бері егемен мемлекеттің маңызды мүдделерінің бірі. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің әскери кафедрасы осы жүйенің құрамдас бөлігі болып табылады.
1997 жылы ҚР ҚК Бас штабы бастығының бұйрығымен «Жаяу әскердің жауынгерлік машинасында мотоатқыштар бөлімшелерін, бөлімдері мен құрамаларын жауынгерлік қолдану» жаңа әскери-есептік мамандығы енгізілді.
2008-2009 жылдары «Сұйық отынмен командалық тактикалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша кадрлық офицерлерді даярлау ұйымдастырылды. 2011 жылдан бастап осы мамандық бойынша студенттерді әскери даярлау жалғасты.
Қазақстанда ұзақ жылдар бойы «М.Әуезов атындағы ОҚУ» КЕАҚ әскери кафедрасы «Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс (РХБЗ) әскерлері үшін запастағы офицерлерді дайындады. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде РХБЗ бөлімшелері біздің әскери кафедраның түлектерімен толықтырылуда.
2015-2017 жылдар аралығында жасөспірімдермен қатар әскери кафедрада әскери даярлықтан өткен студент-қыздарға запастағы «лейтенант» әскери атағы берілді.
1963 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін әскери кафедра 19000-ға жуық запастағы офицерлер мен 1000-нан астам запастағы сержанттарды дайындады.

Суретте: «М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті» КЕАҚ әскери кафедрасының ұжымы
Әскери кафедра қазіргі таңда 7 әскери-есептік мамандық бойынша студенттер қатарынан запастағы офицерлерді даярлайды:
- радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау бөлімшелері мен бөлімдерін қолдану;
- от шашу және түтін шығару бөлімшелері мен бөлімдерін қолдану;
- қару-жарақ пен радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау құралдарын, экологиялық бақылаудың техникалық құралдарын пайдалану және жөндеу;
- жалпыәскери бөлімшелерді, бөлімдер мен құрамаларды жауынгерлік қолдану;
- танк бөлімшелерін, бөлімдер мен құрамаларды жауынгерлік қолдану;
- Қарулы Күштердің жауынгерлік іс-қимылдарының радиациялық, химиялық және биологиялық қорғалуын, экологиялық қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғауды ұйымдастыру;
- құрлық әскерлерінде тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру.
2022 жылдан бастап әскери кафедра Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қабылдау жоспарына сәйкес 10 әскери-есептік мамандық бойынша запастағы сержанттарды даярлауды бастады:
Атқыштық және барлау мамандықтары:
- атқыштық;
- пулеметтік;
- гранататқыштық (танкке қарсы қол гранатаатқыштық);
Жауынгерлік машиналар және бронетранспортерлер мамандықтары:
- жаяу әскерлер жауынгерлік машиналары;
Химиялық мамандықтар:
- отшашар-өртеу құралдары;
- радиациялық және химиялық барлау және дозиметрлік бақылау;
- жабдықтар мен жабдық-тұрмандарды зарарсыздандыру құралдары;
- сұйықтықпен арнайы өңдеу құралдары;
Химиялық техникаларды жөндеу және сақтау мамандықтары:
- химиялық техника мен мүлік;
- радиациялық және химиялық барлау мен дозиметрлік бақылау құралдары.
Әскери кафедра химиялық зертханамен, радиациялық, химиялық және биологиялық барлаудың техникалық құралдарымен, жеке құрамға, қару-жарақ пен әскери техникаға арналған арнайы өңдеу құралдарымен, киім-кешекпен, залалсыздандырумен, газсыздандырумен, дезинфекциялаумен, автокөлікті техникалық байқау және жөндеу пунктімен, атыс тирімен және саптық плацпен жабдықталған.
Оқу процесі әскери кафедра кітапханасының қорынан мемлекеттік және орыс тілдеріндегі арнайы әдебиеттермен қамтамасыз етілді.
Полковник Ж.А.Кенжебаевтың басшылығымен дайындалған «Боевые свойства химического оружия» (ЭЕМ-ға арналған бағдарлама-виртуалдық практикалық жұмысы) Қазақстан Республикасы әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитетінде тіркелді, әскери дайындық пәндері бойынша 2 оқулық, 2 оқу-әдістемелік кешен, 16 оқу-әдістемелік құралдар шығарылды.

Суретте: М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректоры Д.П.Қожамжарованың әскери кафедра бастығы полковник Ж.А.Кенжебаевты марапаттау сәті.
Запастағы подполковник Б.Шаймерденовтің жетекшілігімен әскери кафедра офицерлері «Химиялық қауіпті уландырғыш заттардың әсерінен болатын аспаптардың көлемдері мен зардаптарын болжау», «Радиациялық жағдайды болжау және барлау әдістерін айқындау» тақырыптары бойынша компьютерлік бағдарламалар жасап шығарды.
Қазіргі таңда бұл әдістемеліктер Шымкент қаласы бойынша төтенше жағдайлар органдары жүйесінде, әскери кафедрамыздың оқу процесіне енгізіліп, студенттерге дәріс беру барысында қолданылып келеді. Әскери ғылым және құрылыс саласында 6 авторлық куәлігі, оқу құралдарының жиынтығы, 3 оқулығы жарық көрді.
Әскери кафедра бастығының орынбасары запастағы подполковник А.А.Урустамбеков тәрбие, психологиялық, идеологиялық ұйымдастыру, жарғылық емес қатынастардың алдын алу тақырыптары бойынша «Идеологиялық жұмысты ұйымдастыру» әскери-есептік мамандығына арналған 6 әдістемелік нұсқаулықтың авторы болып табылады.
Университеттің әскери кафедрасы жоғары деңгейде ұйымдастырылған оқу орындарының бірі ретінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылығы, шетелдік делегациялар, Қазақстандық жоғары оқу орындарының ректорлары қонақта болды. Әскери кафедраның оқу-материалдық базасымен танысу барысында өз тараптарынан оң бағаларын берді.
Суретте: 2015 жылы ҚР Қорғаныс Министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы экономика ғылымдарының докторы, профессор А.Н.Тулембаева әскери кафедрада.
Суретте: 2023 жылы ҚР Қорғаныс Министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, әскери ғылымдарының докторы, профессор, генерал-майор Ж.Х. Ахметов әскери кафедраға келген кезі.
Әскери кафедраның қызметімен Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасының Әскери атташесі полковник Л.С.Лиддер, Үндістан Республикасы Ұлттық Кадет корпусының кадеттері қызығушылықпен танысты.
Суретте: Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасының Әскери атташесі полковник Л.С.Лиддер, Үндістан Республикасы Ұлттық Кадет корпусының кадеттері әскери кафедрада.
2017 жылдың желтоқсанында әскери кафедрада «Жас түлек» әскери-патриоттық клубы, кейін «Б.Момышұлы атындағы әскери-патриоттық клуб» болып қайта құрылды. Әскери кафедра бастығының орынбасары запастағы подполковник А.А. Урустамбеков әзірлеген Жарғы мен Ережеге сәйкес әскери-патриоттық клубтың негізгі мақсаты мен міндеттері студенттерді әскери қызметке, дене шынықтыруға дайындау, өскелең ұрпақты, жастарымызды патриотизм рухында тәрбиелеу.
Әскери кафедрада Кеңес әскерлерін Ауғанстаннан шығаруға арналған тақырыптық кештер дәстүрлі түрде өткізіледі. Мұндай іс-шаралар студенттердің бойында патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін арттырады, Отан қорғаушы ретінде азаматтық пен адамгершілікке тәрбиелейді, соғыс тарихын дұрыс түсінуге әкеледі.
Суретте: Кеңес Одағы әскерлерін Ауғанстаннан шығаруға арналған тақырыптық іс-шаралар.
Әскери кафедраның «Жас түлек» әскери-патриоттық клубының мүшелері ұйымдастырған сабақтарының біріне капитан Ербол Есілбайұлы Отарбаев қатысты, «Алтыншы пост» отандық көркем фильмінің басты кейіпкерінің прототипі.
Суретте: әскери кафедра қызметкерлері капитан Е. Отарбаевпен кездесуде.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің әскери кафедрасының студенттері Кеңес Одағының батыры генерал-майор И.В.Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизияның Жауынгерлік Туының көшірмесі Республикалық эстафетаға қатысты. Бұл әскери –патриоттық іс-шара Ұлы Жеңіске арналып, «Біз Жеңістің мұрагерлеріміз» республикалық акциясы аясында өткізілді.
Суретте: Әскери кафедраның оқытушылары мен студенттері-Республикалық эстафетаға қатысушылар Кеңес Одағының батыры генерал-майор И.В.Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизияның Жауынгерлік Туының көшірмесі қасында.
Әскери кафедра жыл сайын Ұлы Отан соғысының ардагерлерін мамыр мерекелеріне қатысуға шақырады. Дәстүр бойынша Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында әскери кафедра қызметкерлері бұрынғы әріптестерін, ҰОС қатысушыларын гүлдермен және естелік сыйлықтармен құттықтайды.

Суретте: Ұлы Отан соғысының қатысушысы, бұрынғы әріптес Ф.И. Павликов әскери кафедра қызметкерлерімен.

Суретте: Әскери кафедра Ұлы Отан соғысының ардагерін Ұлы жеңіс күнімен құттықтауда.
Дәстүр бойынша жыл сайын М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің әскери кафедрасында Шымкент қаласының орта мектептері мен колледждері оқушыларының қатысуымен «Ашық есік күні» ұйымдастырылады.
«Ашық есік күнінде» келушілер үшін әскери техника көрсетілімі өткізіледі, патриотизмге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады.
Әскери кафедраның оқытушылары, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті жоғары мектебі мен факультеттерінің ұтқырлық топтары құрамында, Түркістан облысы аудандарын аралап, мектеп оқушыларымен кездесіп, әскери кафедраның жетістіктері мен оқу-материалдық базасы туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Суретте: Әскери кафедрада «Ашық есік күні» және Түркістан облысының аудандары мен Шымкент қаласындағы өткізілген үгіт-насихат ісшаралары.
Әскери кафедра базасында БАҚ-ның қатысуымен, терроризмге қарсы оқу-жаттығу өткізілді. Университеттің жоғары мектептері мен факультеттерінің өкілдеріне профессор-оқытушылар құрамы мен әскери кафедра студенттері әскери кафедра кезекшісінің, кепілге алынғандардың, басшылықтың штаттан тыс жағдайындағы іс-қимылдарын, сондай-ақ студенттерді эвакуациялау тәртібін, қылмыскерлерді ұстау жөніндегі арнайы мақсаттағы топтың іс-қимылдарын көрсетті.
Суретте: Әскери кафедра жүргізген терроризмге қарсы жаттығу кезінде қылмыскерлерді ұстау көріністері.
Әскери қызметшінің имиджін одан әрі арттыру, жастардың адамгершілік, әскери-патриоттық рухын көтеру мақсатында әскери кафедра Республикалық, облыстық, қалалық БАҚ-мен тығыз қарым-қатынас ұстайды. Әскери кафедраның өмір тынысы телебағдарламаларда, бейнефильмдер түсіріліп, репортаждар көрсетіліп тұрады, әскери кафедра қызметкерлерінің мақалалары, жазбалары жарияланады.
Суретте: Полковник Ж.А.Кенжебаевтың телеканалдарға интервью беру сәті.
Іріктеу комиссиясы әскери кафедрада оқыту үшін іріктеуді «М.Әуезов атындағы ОҚУ» КЕАҚ студенттерінің арасынан, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітетін, қабылдау жоспарына сәйкес конкурс негізінде жүргізеді.
Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлау өтеусіз (мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша) және ақылы негізде, запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша-ақылы негізде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің қабылдау жоспарына сәйкес жүргізіледі.
Теориялық курстармен қатар студенттерді әскери даярлаудың негізі далалық оқыту, командирлік және практикалық дағдыларды қалыптастыру болып табылады. Әскери дайындық жазғы демалыс кезеңінде 30 күндік оқу-далалық жиындарды өткізумен аяқталады.
Суретте: «Ақтас» ату орталығында оқу атыс жаттығуларын орындауда.
Университет түлектері кафедрада әскери мамандық ала отырып, Қазақстан Республикасының Қарулы күштері, шекара және Ұлттық ұлан, күш құрылымдары және басқа да әскери құралымдары қатарында келісімшарттық негізде қызмет етуге мүмкіндік алады.
Запастағы офицерлерді және сержанттарды даярлау бағдарламасы бойынша
Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша
| р/с № | Даярлық бағдарламасының атауы |
| 1. | Жалпыәскери бөлімшелерді басқару |
| 2. | Танк бөлімшелерін басқару |
| 3. | Әскери істегі қоршаған ортаны күзету мен радиациялық, химиялық, биологиялық және экологиялық қорғау |
| 4. | Әскери ұжымдағы әлеуметтік және идеологиялық жұмыс |
Запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша
| р/с № | Даярлық бағдарламасының атауы |
| 1. | Кіші буынның мотоатқыш бөлімшелерін басқару |
| 2. | Кіші буынның танк бөлімшелерін басқару |
| 3. | Жаяу әскер жауынгерлік машинасы мен броньды транспортер мамандықтары |
| 4. | Кіші буынның артиллериялық бөлімшелерін басқару |
| 5. | Әскери істегі радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау |
| 6. | Әскери істе қару-жарақты жөндеу және сақтау |
Оқуға түскіңіз келе ме немесе сұрақ қойғыңыз келе ме?
Қабылдау комиссиясы мен деканат бағдарлама таңдауға көмектеседі.
























































